Жер мәселесі. Жер мәселесі – Алаш қозғалысының көпжылдық тарихында және облыстық, жалпықазақ сиездерінде Алашорда үкіметінің жұмысында үнемі басты назарда болған мәселенің бірі. Оны Алаш көсемдері өте жақсы түсінген болатын. Айталық, сол дәуірде Ә.Бөкейхан: «Жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің ең зоры» деген болатын. Бірінші жалпықазақ сиезінің қаулысында: «Қазақ халқы өзіне еншілі жерге орнығып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін» делінсе, бұл «Алаш» партиясының бағдарламасында: «Учредительное собрание негізгі закон жасағанда жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін деу; қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орнасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеу» делініп бекітіле түсті. Ашашорда үкіметі автономия жариялай отырып, оның бірінші бабында: «Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы һәм Әмудария бөлімдеріндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы һәм Алтай губерниясындағы іргелес облыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға...» деп жер тұтастығын басты мәселе ретінде бекітті. Алашорда үкіметі 1918 жылы 24 маусымда «Алаш автономиясының жерінде жер пайдалану туралы Уақытша Ереже» өзінің мазмұны мен пәрмені жағынан маңызды құжаттардың бірі болды. 11 баптан тұратын бұл Ережеде жерді пайдаланудың негізгі тәртібі көрсетілді. Алаш қозғалысының, Алашорда жетекшілерінің аса ірі тарихи еңбегі қазақ жерін сақтап қалуымен байланысты. Осы күнгі Қазақстан Республикасы жерінің тұтастығы мен сақталып қалуында Алаш қайраткерлерінің орасан зор еңбегі жатыр. Олардың кеңес үкіметінің басшыларымен келіссөздері, әсіресе, А.Байтұрсынұлының осы бағыттағы қажырлы еңбегі кейін, Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасын құру кезінде осы автономияның аумағын белгілеуде шешуші маңызға ие болды. Дереккөз: Алаш қозғалысы кітабы.